Елорда әуежайында Ташкентке 21 мың доллар алып ұшпақ болған жолаушы ұсталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Әуежай-Астана» кеден бекетінің қызметкерлері «Нұр-Сұлтан-Ташкент» авиарейсімен ұшатын жолаушыдан рұқсат етілген сомадан артық көлемдегі қолма-қол шетел валютасын анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Қаржы министрлігіне сілтеме жасап.

«24 мамыр күні елорда әуежайында Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті «Әуежай-Астана» кеден бекетінің қызметкерлері ҰҚК шеқара қызметі және Әуежай бақылау қызметімен бірлесе отырып, «Нұр-Сұлтан-Ташкент» бағыты бойынша PН 722 халықаралық авиарейсімен ұшатын жолаушыларға кедендік бақылау жүргізгеннен кейін аталған заң бұзушылықтың жолын кесті», - делінген ведомство мәлімдемесінде.

Жолаушының қолжүгін рентген арқылы қарағаннан кейін ол жүк бөліміне шақыртылған.

«Тексеру барысында 21 650 АҚШ доллары (9 млн теңге) анықталды. Аталған дерек бойынша әкімшілік материал толтырылды», - деп толықтырады орган.

Президенттің «Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» биыл 14 наурыздағы Жарлығы бойынша 10 000 АҚШ доллары баламасынан асатын және әкету күніне белгіленген ҚР Ұлттық Банкінің бағамы бойынша есептелген сомадағы қолма-қол шетел валютасы және (немесе) шетел валютасындағы ақша құралдарын әкетуге тыйым салынған.

Сондай-ақ, мемлекеттік кірістер департаменті «ҚР Ұлттық Банкі шығаратын 5, 10, 20, 50 және 100 грамм аффинирленген алтын құймаларын және «ALTYN BARYS» пен «KÚMIS BARYS» инвестициялық монеталарын, 100 грамнан астам аффинирленген алтынды әкетуге тыйым салынғанын» қаперге береді.

Айта кетсек, бұған дейін 500 мың АҚШ долларын шекарадан заңсыз алып өтпек болған адам ұсталды.