«Бұл иттер жарылғыш заттарды іздеп, табуға үйретілген. Оларды күнделікті жаттықтырып отырамыз, біздің иттер 18-ден астам түрлі жарылғыш заттармен таныс. Қауіпті немесе жарылғыш заттарды табу үйретілген итке қиындыққа соқпайды, олар үшін жұмыс емес ойын секілді. Негізі иттерге жүктелетін міндет ауыр, олар ұзақ уақыт, түрлі жағдайда жұмыс істейді. Мысалы, үлкен көлемдегі заттардың арасынан жарылғыш затты табуы тиіс немесе көп адамдардың арасынан жарылғыш зат кімде екен табуы тиіс. Олардың жұмысындағы басты ереже мен талап – сенім мен өзара тіл табысу. Кинологтың итке деген сенімі керісінше иттің маманға сенуі. Сол сияқты өзара тіл табуда маңызды», - деді С. Бабенко.
Оның айтуынша, иісшіл итттердің көмегімен әуежайдың аумағы, әуе рейстері және қараусыз қалған заттар тексеріледі.
«Жоспарға сәйкес әуежайдың іші-сырты, жолаушылардың жүктері, клиенттерге арналған терминалдар, қажет жағдайда ұшақтың ішін де иісшіл иттің көмегімен тексереміз. Қазіргі таңда елорда әуежайында 8 үйретілген ит бар. Бұған дейін 4-еу болған, жуырда тағы 4 итті үйреттік. Жалпы ит күшік кезінен үйретіледі, әрине онымен кинолог маманы айналысады. Біздегі мамандардың барлығы өз ісін біледі, тәжірибелі. Әр итті кинолог өз бетінше тәрбиелеп, баулиды және оларға ат қойылады. Иттерді іріктеуде қойылатын басты талап, оның ойынпаз және іздемпаз қасиетінің болуы. Яғни үйретілген ит белгілі нәрсені іздегенде тамақ табудың қамы емес ойын деп қабылдауы тиіс. Бұл өте маңызды», - дейді ол.
Үйретілген иттерге кесте мен арнайы талапқа сай тамақ беріледі. Және оларға тиісті деңгейде күтім де жасалады.
«Иттер режімге сай күніне 2 рет қоректенеді. Таңертең және кешке. Кешкі астың көлемі көбірек, себебі күндіз жұмыс істеді, демек көп энергия жұмсалды. Сонымен қатар, жұмысқа кірісер алдында және жұмыстан соң иттердің жалпы жағдайы қаралып, тексеруден өтеді. Оның ішінде өзін қалай сезініп тұр, жұмыс бабында жарақат алып қалмады ма тағы сол сияқты. Айтпақшы, иттер де адам секілді психологиялық темперамент түрлеріне ажыратылады. Үйретілген иттер негізінен холерик немесе сангвиник болып келеді. Яғни оларға үнемі қозғалыста болған ұнайды. Иісшіл иттер қауіпті затты (мүмкін қауіпсіз де шығар) өздігінен қозғамауы тиіс және бұйрық берілмейінше ешқандай артық әрекет жасамайды. Ит белгісіз затты тапқан жағдайда оны маманға мұрнымен нұсқап көрсетеді, одан әрі іске кинолог кіріседі», - деді аға кинолог.
Маманның мәлімдеуінше, үйретілген ит іздеген затты тапқан жағдайда міндетті түрде онымен сәл ойнау керек. Бұл оған көрсетілетін алғыстың белгісі.
«Жалпы иттерге толықтай кинолог маманы жауапты. Яғни таңертең әр кинолог өзіне бекітілген итті тексереді, серуендетеді, жаттықтырады және тамақтандырады. Әрине иттерге де уақытылы демалу керек. Иттер жарылғыш заттардан бөлек, қару-жарақты да таба алады. Жұмыс нәтижесіне келсек, елорда әуежайынан осы уақытқа дейін жарылғыш зат немесе басқа да қауіпті зат табылған емес. Бұл иттердің еңбегі», - деді ол.
Сондай-ақ, кинолог көпшілікті толғандыратын және жұртшылық жиі қоятын сауалға жауап берді.
«Халық арасында айтылып жүрген «иісшіл иттерге есірткі беріледі, олар есірткіні қолданғаннан кейін оны тез таба алады» деген – жалған. Өйткені, иісшіл иттер қатаң бұйрық және нұсқаумен ғана жұмыс істейді. Сол үшінде оларды күшік кезінен үйретеді. Сол сияқты ит кез-келген иістің молекуласын 1 шаршы метр ауадан сезіп, анықтай алады», - дейді маман.
Үйретілген иттер қызметтен кейін қолға беріледі немесе күзетші ретінде қызмет атқарады екен.
«Орташа есеппен бір ит 6 жыл қызмет етеді. Қызметтегі ит үнемі ширақ, шапшақ әрі іздемпаз болу керек. Егер иттің бойында аталған қасиеттер уақыт өте келе азайып, оның жұмысы ақсай бастаса демек оны ауыстыру керек деген сөз. Тағы бір айтып өтетін жайт, иісшіл иттер көбінесе бельгиялық овчарка тұқымынан болады. Өйткені олар төзімді, жұмыстан кейін тез қалпына келе алады және жүйке жүйесі жоғары дамыған. Кинологтар итпен тек қызмет барысында ғана емес, бос уақытында айналысады. Және иттерді үйретудегі басты талаптың бірі оны аса еркелетпеу, құтыртпау. Яғни оларда адам секілді, балаға тәрбие бермей, жөнсіз еркелетсе соңы немен аяқталады түсінікті бұл да сол секілді», - деді Станислав Бабенко.
Бүгінде Нұр-Сұлтан әуежайында 4 кинолог маман жұмыс істейді.