Елорда әуежайында жолаушыларға бауырсақ таратылып, қымыз құйылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында мерекелік көңіл-күй: мұнда, әуе айлағының қызметкерлері бауырсақ таратып, қымыз құйып жатыр, ішкі рейстер терминалында киіз үй орнатылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат әуежайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әуе айлағының баспасөз хатшысы Әнуар Шалекенов әуежайда мерекелік көңіл-күй бес күн бойы жалғасатынын айтты.

«Осылайша көктемгі күн мен түннің теңелетін тамаша күні келді. Бұл мереке өзімен қатар табиғаттың жаңаруын және ұзақ суық айлардан кейінгі жердің оянуын ала келеді. Сіздерді осы көктем мерекесімен құттықтаймын және оны өмірлеріңіздегі жаңа жаңалықтармен, ойлармен және өзгерістермен қарсы алуларыңызға тілектеспін! Жаныңызда әрқашан қуаныш пен шуақ болсын! Наурыз мейрамын осындай форматта тойлау жақсы дәстүрге айналған. Бүгінде жолаушыларымызға 150 келі бауырсақ пен 60 литр қымыз берілді», - деді ол.

Ішкі рейстердің жолаушылары бауырсақтан дәм татып, қымыз ішіп, би билеп, өнерпаздарға қазақша ән айтып, киіз үйдің фонында суретке түсті.

«Бүгін немереммен Алматыға ұшып барамын, әуежай қызметкерлерінің мұндай тосын сыйы мені қуантты. Бүгін бізде ұлттық мереке – Наурыз мейрамы. Осынау көктем мен жаңарудың жарқын мерекесінде баршаңызға шын жүректен мейірімділік, жылулық, отбасылық амандық тілеймін! Шаңырақ шаттық пен бақытқа толы болсын! Мейраммен құттықтаймын!», – деді жолаушылардың бірі Нағима Дәулетова.