8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мейрамы қарсаңында елорда әуежайының қызметкерлері үш күн бойы (5,6,7 наурыз) нәзік жандарға 15 мың гүл шоғын сыйлап, қуантып жатыр.
«Мереке қарсаңында әйелдерді құттықтау жыл сайынғы дәстүрге айналды. Бұл және көктем мерекесі. Шараны ұйымдастыруға «Қазақконцерт» мемлекеттік мекемесі көмектесіп жатыр. Мақсат – нәзік жандарға мерекелік көңіл-күй сыйлау. Әуежайдың бірнеше бөлімінің жігіттері әйел жолаушыларға гүл сыйлап, жылы лебіз айтады. Аталған акция 3 күнге жалғасады, сағат 10:00 мен 12:00 аралығында. Себебі осы уақыт аралығында әуежайда жолаушылардың легі көп. Күн сайын елорда әуежайына 10 мыңнан астам жолаушы келіп, кетеді. Олардың жартысы әйелдер», - деді астаналық әуежайдың баспасөз хатшысы Әнуар Шәлекенов.
Бүгін елорда әуежайында мерекелік көңіл-күй сезіліп тұр. Музыка ойнап, қыз-келіншектердің жүзінде күлкі, қолында гүл шоқтары.
«Мерекелік атмосфера сезіліп жатыр. Үндістаннан ұшып келдім. Саяхатым одан әрі жалғасын табады», - дейді Кенже есімді елордалық жолаушы.
«Қостанайға ұшып барамын. Әуежайда күтпеген жерден гүл шоғын сыйлады. 8 наурыз – ол көктемнің белгісі. Әйел жандарды құрметтеп, гүл сыйлап, әннен шашу тарту етіп жатқаны қуантады», - деді жолаушы Валентина.
«Күтпеген қуаныш. Жыл сайын мереке қарсаңында оркестрдің сүйемелдеуімен жанды дауыста ән тыңдаймыз. Одан бөлек гүл шоғын сыйлап жатыр. Мерекелік көңіл сыйлаған жандарға рахмет», - дейді Air Astana әуе команиясының қызметкері Тазагүл.