Елордадағы су тасқынына дайындық шаралары туралы онлайн-бирифинг арқылы ақпарат берген төтенше жағдай өкілі сәуірдің алғашқы 10 күнінде күн күрт жылынуы мүмкін деген болжам айтты.
«Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 29 су басу қаупі бар учаске анықталды. 1 сәуірдегі жағдай бойынша қала аумағынан 7 млн текше метр қар шығарылған. Тасқынмен күреске азаматтық қорғаныс органдарының жеке құрамынан 663 адам және 185 техника тобы жасақталып, дайын тұр. Департамент мамандары 1,5 мың үйді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қар шығару бойынша 900-ден астам ұсынымдар берілді», - деді департамент өкілі.
Сондай-ақ, Есен Байыров тұрғындарға тасқын кезеңіне дайындықты қалай дұрыс жүргізуі керектігін онлайн сабақтар арқылы түсіндіріп жатқандарын атады. Бұл мақсатқа қаладағы білім ошақтарының базасы пайдаланылуда. Бүгінге дейін білім беру нысандарының көмегімен 1,5 мың адамға осындай интерактивті сабақ өткізілген.