Елорда аумағында заңсыз контрафактілік дыбыс-бейне жазу туындыларын саудалағандар ұсталды

АСТАНА. 14 мамыр. ҚазАқпарат - Астана қаласы Әділет департаментінің Зияткерлік меншік құқықтары жөніндегі бөлімі Астана қаласы Ішкі істер департаментінің «К» бөлімшесімен бірлесіп 10-12 мамырда авторлық құқық және сабақтас құқықтар заңнамасын сақтау тәртібіне, соның ішінде контрафактілік дыбыс-бейне жазу туындыларын заңсыз таратуға тосқауыл қою үшін елорданың аумағында бірнеше тексеріс іс-шараларын өткізді. Бұл туралы аталған Әділет департаментінен хабарланды.

Ұйымдастырылған шаралар барысында Астана қаласының «Шанхай» және «Орталық базар», «Артем», «Шапағат», «Әсем», «Есіл» сауда үйлерінің аумағында бірнеше тексерістер жүргізілді.

Оның барысында контрафактілік дыбыс-бейне жазу туындыларын заңсыз сатудың 14 орнынан жалпы сомасы 694 500 теңгені құрайтын DVD форматындағы дискілердің 2315 данасы тәркіленді. Барлығы 14 адам ұсталды. Олар 21- 32 жас аралығындағы ҚР азаматтары.

Тәркіленген өнім және ұсталған адамдар заңнама талаптарына сәйкес процесуалдық шешім қабылдау үшін ішкі істер органдарына жеткізілді.