Елорда бағдаршамдарына «бәріне ортақ қызыл түс» енгізіліп жатыр

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласында 6 және 8 жолақты жолдардың қиылыстарындағы бағдаршамдарға «бәріне ортақ қызыл түс» енгізіліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бағдаршамның бұл түсін сақшылар өз арасында «дайындық» режимі деп атап жүр. Мақсаты – қиылыста бағдаршамның «жасыл» түсті күтіп тұрған қозғалысқа қатысушылардың бәрі үшін бір мезетте 1 секундтық пауза ұсыну. Мамандардың айтуынша күрделі қиылыстарда осындай үзілістің болуы көлік апаттарының ықтималдығын азайтып отыр.

«Ең алғаш бұл жаңашылдық Бөгенбей батыр-Республика қиылысында енгізілді. Талдауға сүйенсек, аталған режим бағдаршамдарға енгізілгенге дейін аталған қиылыста 17 жол-көлік оқиғасы, зардап шегушілерсіз 284 факт тіркелді. Ал режим іске қосылғаннан кейін мұнда ешқандай жол-көлік оқиғасы тіркелген жоқ, зардап шегушілерсіз 8 факт тіркелді», - дейді қалалық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Елжан Чупеков.

Айтуынша, былтыр «дайындық» режимі 12 учаскеге енгізілген. Ал 2022 жылдың басынан бері 10 учаскеде осындай режим қолданыла бастаған. Атап айтсақ, қазір мұндай режим Бөгенбай-Республика қиылыстарынан бөлек, Жеңіс даңғылы мен Кенесары, Мәскеу, Молдағұлов, Алтынсарин, Есенберлин көшелерінің қиылысында, Момышұлы көшесі мен Сәтпаев, Жұмабаев көшелерінің, Ұлы Дала көшесі мен Сауран, Ақмешіт көшелерінің қиылысында жұмыс істеп тұр.

ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқармасы басшысының орынбасары Жасұлан Жұманалиннің айтуынша, елімізде балалардың қатысуымен 400-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелген.