Елорда биыл халықаралық іс-шаралар өткізуден 2 млн еуро табыс таппақ
АСТАНА. KAZINFORM – Өткен жылы еліміз іскерлік туризмнен 20,7 млн доллар кіріс алды. Бұл туралы Туризм индустриясы комитеті Туризм саласындағы жүйелі шараларды жүзеге асыру басқармасының басшысы Нұрбол Байжанов айтты.
— Кейінгі үш жылда Қазақстан халықаралық деңгейдегі 21 іс-шараны қабылдады. Ал 2025 жылы 5 ірі халықаралық іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Өткен жылы елімізде 5 180 шетелдік делегаттың қатысуымен 14 халықаралық оқиға болды. Орташа есеппен алғанда, олардың әрқайсысы шамамен 4 000 АҚШ долларын жұмсады. Осы іс-шаралардан түскен кірістердің жалпы сомасы 20,7 миллион доллардан асты. Бұл қаражатқа ұшу, тұру, тамақтану және басқа да шығындар кіреді, - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингіде.
Оның атап өтуінше, Астана іскерлік және оқиғалық туризмнің негізгі орталықтарының біріне айналып келеді. Алдағы айларда елордада бірқатар ауқымды халықаралық іс-шара өткізу жоспарланған.
— Мәселен, 27-28 маусымда АҚШ, Канада, Ресей, Еуропа және Азиядан 500 жетекші маман қатысатын 10-Дүниежүзілік нейрохирургиялық қауымдастық конгресі өтеді. 21-25 шілде аралығында Назарбаев Университеті халықаралық сарапшылар қоғамының конгресін қабылдайды. Оған 1 000-нан астам қатысушы келеді. 2025 жылғы 18-22 тамыз аралығында Астана IFLA Дүниежүзілік кітапханалық және ақпараттық конгресін өткізу алаңына айналады. Кітапханатану саласындағы ең ірі оқиға Қазақстанда әлемнің 130-дан астам елінен 4000-ға жуық делегатты жинамақ. Аталған МІСЕ іс-шараны өткізу Астанаға шамамен 2 млн еуро табыс әкеледі деп күтілуде. Жиынтық пайда делегаттардың тұруға, көлікке, тамақтануға және басқа да қызметтерге жұмсаған шығындарынан құралады, - деді Нұрбол Байжанов.
Айта кетейік, кейінгі 5 жылда туристердің саны 7,5 есеге өсті. Былтыр елімізге 15 млн-нан астам адам саяхаттап келді.