Елорда депутаттары инватакси қызметін цифрландыруды ұсынды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының депутаттары инватакси қызметін цифрландыруды ұсынып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетсек, бүгін елорда мәслихатында 2021-2023 жылдарға арналған қала бюджетінің жобасы талқыланған болатын. Талқылау барысында қалалық Жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Сәуле Нұрғожинаға депутаттар сұрақ жолдады. Олардың айтуынша, елордадағы инватакси жеткілікті дәрежеде қызмет көрсете алмай келеді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кейбіріне инватакси шақыру үшін тіпті, бір тәулік бұрын жазылуына тура келеді.

«Қала әкімі Алтай Көлгіновтің өзі инватакси қызметіне жіті назар аударып, демеушілер қосымша инватаксидің 10 көлігін алып берді. Олардың бәрі де біздің және қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ведомствоішілік ұйымдарына таратылды. Қазір коронавирустың таралуына байланысты бұл бағыттағы шығын азайғанын атап өту керек. Себебі мүмкіндігі шектеулі оқушылар мектепке бармайды. Қазір біз CTS (City transportation systems) компаниясымен шынайы қанша адам инватакси қызметіне мұқтаж екенін білу үшін диспетчеризация жұмысын жүргізіп жатырмыз. Келесі жылы бұл мәселе де шешім табар деген ойдамыз», - деді Сәуле Нұрғожина.

Өз кезегінде депутаттар инватакси қызметін цифрландыру қажеттігін жеткізді. Олардың сөзінше, цифрландыру арқылы инватакси бос па, бос емес пе, қашан тапсырыс беруге болатынын алдын ала біліп отыруға болады.