Елорда ЕҚЫҰ аясында өтетін шаралар бойынша келетін мемлекеттердің делегацияларын қабылдауға дайын болуы қажет - Көлік және коммуникация вице-министрі

әуірдің 27-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Көлік және коммуникация министрлігінде вице-министр Азат Бектұровтың басшылығымен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының 18-ші экономикалық-экологиялық форумына әзірлік және оны өткізу жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Онда аталмыш жиынды ұйымдастыруға қатысты қалыптасып отырған мәселелер мен министрліктің өз міндеттері шегіндегі дайындық мәселелері талқыға салынды. А.Бектұровтың сөзіне қарағанда, ЕҚЫҰ-ның 18-ші экономикалық-экологиялық форумына әзірлік және оны өткізу жөніндегі жұмыс тобын құруға қатысты бұйрыққа биылғы жылдың басында қол қойылған. Қазақстан ЕҚЫҰ-на төраға, ал Көлік және коммуникация министрлігі аталмыш ұйымның басты үш бағытының біріне жауапты орган. «Биылғы жылы аталмыш ұйымға төрағалық аясында бірқатар шаралардың ұйымдастырылғалы отырғандығы мәлім. Олардың бірі ЕҚЫҰ-на мүше елдердің Мемлекет басшыларының саммиті болса, екіншісі аталмыш ұйымға кіретін мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерінің кеңесі. Ал мамырдың 24-і мен 27-сі аралығында Прагада ЕҚЫҰ-ның 18-ші экономикалық-экологиялық форумы өтеді. Аталмыш шараға қатысатын қазақстандық делегацияны Көлік және коммуникация министрі жетекшілік етеді, яғни біз осы шараға тыңғылықты дайындалуымыз қажет», деп атап көрсетті вице-министр.

Осыған қарай мәжіліс барысында экономикалық-экологиялық форум мен елде өтетін жиындарға дайындық барысы жөнінде министрліктің басқармалары мен бөлім басшылары баяндама жасады. Өз кезегінде А.Бектұров басқарма және бөлім басшыларына елорда астанасының әуежайы әлемнің 53 мемлекетінен келетін қонақтарды күтіп алуға дайын болуы қажеттігін, сонымен қатар қонақтарды қарсы алу шараларының да жоғары деңгейде атқарылуы қажеттігін атап көрсетті. Осы бағыттағы жұмыстарды жетілдіру үшін ол министрлік өкілдеріне жергілікті әкімшілік пен өзге де құзырлы орган өкілдерімен тығыз байланысты белсенді жұмыс атқаруды тапсырды.