Бұл туралы astana.kz сайтына қалалық Статистика департаментінен хабарлады.
«2013 жылдың басымен салыстырғанда, Астана қаласы халқының жалпы саны 22 458 адамға, соның ішінде Алматы ауданында 2 537, Есіл ауданында 7479, Сарыарқа ауданында 12 442 адамға көбейді», - делінген хабарламада.
2013 жылғы қаңтар-тамыз айларында халықтың табиғи өсімі 12 085, көші-қон өсімі 10 373 адамды құрады. Айта кетейік, 2013 жылғы қаңтар-тамыз айларында жалпы Астана қаласы бойынша 14 388 сәби дүниеге келген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,7% артық. Сонымен қатар, халықтың табиғи өсімі өткен жылдың қаңтар-тамызымен салыстырғанда 17,8% артты және 12 085 адамды құрады. Осы аралықта қалада 2 303 адам қайтыс болды, бұл 2012 жылдың қаңтар-тамыздағы көрсеткіштен 3,8% кем.
Бұдан басқа, қаңтар-тамызда 1 жасқа дейінгі балалар өлімінің 126 жағдайы тіркелді, бұл 2012 жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 26 жағдайға төмен. Сәбилер өлім-жітімінің коэффициенті, әрбір 1000 туылған нәрестеге шаққанда 1 жасқа толмаған 8,76 қайтыс болған бала санын (2012 жылғы қаңтар-тамызда 11,93) құрады. Халық өлімінің негізгі себептерінің ішінде қан айналымы жүйесі аурулары 36,2%, өскіндер 17,4%, жазатайым оқиғалар, улану және жарақаттану 15,6% жағдайлары басым.
2013 жылдың қаңтар-тамызында АХАТ органдарында тіркелген некелер саны, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,3%, ажырасулар саны 15,2% артқан.