Елорда көшелеріне көрнекті тарихи тұлғалардың есімдері беріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат – Астана қаласындағы бірнеше көшеге тарихи тұлғалардың есімдері берілуі мүмкін. Бұл туралы ашық талқыға шығарылған қала әкімдігінің қаулысы мен мәслихаттың тиісті шешім құжатында жазылған, деп хабарлайды.

Шешімге сәйкес, Алматы ауданындағы А-23 көшесіне – Әскен Нәбиевтің, А-24 көшесіне – Сырбай Мәуленовтің есімі беріледі. Сондай-ақ, Есіл ауданында орналасқан Е-12 көшесі – Мәншүк Мәметова, Е-20 көшесі – Шапық Шөкин, Е-753 көшесі – Санжар Асфендияров көшесі болып аталады.

Ал Сарыарқа ауданындағы №187 көшесіне – Бердібек Соқпақбаевтың, №189 көшеге Бейбарыс сұлтанның есімі берілмек. Бұған қоса, №23-16 көшелер Мағжан Жұмабаев даңғылына қосылады. Тиісінше, оған толық осы даңғылдың атауы беріледі. Ал бұрынғы Мәншүк Мәметова көшесі – Қарамерген, Бұқар жырау көшесінен басталып, №29/1 көшесімен аяқталатын Сауранның бөлігі – Гейдар Әлиев болып аталмақ.

Құжат 26 желтоқсанға дейін ашық талқылауда болады.