Елорда күні: Екі облыстың жәрмеңкесі өтіп жатыр

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордадағы «Хан Шатыр» ОССО жанындағы алаңда Ақмола мен Павлодар облыстарының ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесі өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақмола облысы елорда күніне орай үлкен ауылшаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылуда. Бүгін 10 аудан өз өнімдерін елордалықтар сатып алуы үшін ұсынса, ертең 9 аудан мен Көкшетау қаласының ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері келеді. Жалпы 100 тонна жылқы, сиыр, қой, құс етін әкелдік. Таңертеңгі 8-ден астам жәрмеңкені бастадық, халық келіп қалаған өнімдерін сатып алып жатыр», - деді ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген Ақмола облысы әкімінің орынбасары Марат Иғали.

Оның атап өтуінше, Ақмола облысы мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімдіктері арасында арнайы келісім бар. Сол келісімге сәйкес Ақмола облысы күзде де елордада ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесін өткізуді жоспарлап отыр.

«Жалпы жәрмеңкеге әкелген өнімдеріміздің жалпы салмағы 500 тоннаға жуықтайды. Оның ішінде сүт, макорон, кондитерлік өнімдер, сары май, өсімдік майы, ұн мен ұн өнімдері бар. Елорда тұрғындарын осы жәрмеңкеге келіп, аран бағаға ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алуға шақырамыз», - деді Марат Иғали.

Шынымен де жәрмеңкеде сатып жатқан өнімдер елорда базарларындағы бағадан әлде қайда арзан. Мәселен, жылқы етін 1 700, сиыр етін 1 500, қой етін 1 400, құс етін 850 теңгеге сатып алуға болады. Жұмыртқаның 10 данасы 160 теңге болса, сүттің литрі 205 теңге. Ал қаймақтың келісін 950, сары майды 2 200 теңгеден сатып алуға мүмкіндік бар.

Павлодар облысының да ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері әкелген өнімдер де арзан. Екі облыстың да сатып жатқан еттің бағасы бірдей. Қымыздың литрі 600 теңге, балдың келісі 1 500 теңгеден сатылуда.

Соңғы жаңалықтар