Елорда күні қарсаңында «Арман қалам - Астана» балалар суреті республикалық байқауының қорытындысы шығарылады

АСТАНА. 1 шілде. ҚазАқпарат - 2 шілде күні Астана қаласындағы Оқушылар сарайында Астана күнін мерекелеуге байланысты Қазақстан халқы Ассамблеясы қамқорлығымен мамыр-шілде айлары аралығында өткізілген «Арман қалам - Астана» балалар суреті республикалық байқауының қорытынды кезеңінің нәтижесі салтанатты түрде шығарылады, деп хбарлады Қазақстан халқы Ассамблеясының баспасөз қызметі.

Байқаудың басты мақсаты - жас буынды патриоттық тұрғыда тәрбиелеу, өз елі үшін мақтаныш сезімін қалыптастыру, ортақ құндылықтарға және ұлттық бірлікке баулып  тәрбиелеу, сонымен қатар, балалардың шығармашылық әлеуетін ашуға жәрдемдесу. Аталған шарапатты шара сурет салу саласында көзге түскен дарынды балаларды анықтап, олардың дамуына жағдай жасауда Қазақстан халқы Ассамблеясы жүргізіп жүрген жұмыстардың жалғасы.

Жобаның бас демеушісі - «KazMicroFinance» микрокредиттік ұйымы, ұйымдастырушысы - «Қазақстан халқы Ассамблеясы Қоры» қоғамдық қоры және ҚР БҒМ Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы.

Оқушылар сарайының көрме залында Қазақстанның 14 облыс орталығынан және Астана, Алматы, Семей, Түркістан сияқты 4 қаласынан сұрыпталған аймақтық байқауларға қатысушылардың үздік 70 жұмысының көрмесі ұйымдастырылады. Оның ішінен, Қазақстанның белгілі суретшілері, ҚР Суретшілер одағының мүшелері Гүлмира Телғозиева, Армат Бектас, Мұхтар Байбосын, Ұмсын Арқабаева кірген әділқазылар алқасы, келесі аталымдарда жеңіс тұғырынан көрінген жұмыстарды іріктеп алады: «Декоративті мәнері үшін»; «Көрермендер ықыласы жүлдесі»;  «Ерекше мазмұнда өрілген еңбек үшін»; «Үздік сурет»; «Үздік графикалық желі» аталымдарында жеңіс тұғырынан көрінген ұмыстарды іріктеп алады.

Республикалық байқаудың қорытынды кезеңіне қатысу үшін аймақтардан барлығы 17 жеңімпаз келіп, олардың ішінен қазылар алқасы жүйріктерді таңдайды.

Байқау қатысушыларын Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының басшылығы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Астана қаласы әкімдігі мен білім беру басқармасының, «KazMicroFinance» микрокредиттік ұйымының және ҚР БҒМ Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының өкілдері құттықтайды.

«Арман қалам - Астана» балалар суреті республикалық байқауының қорытындысы бойынша балалар суреті альбомы шығарылып, оны Қазақстан халқы Ассамблеясы Астана күніне сыйлық ретінде тарту етеді. Барлық марапаттау рәсіміне қатысушылар мен қонақтарға естелік ретінде, 2012-2013 жылдарға арналған, балғын суретшілердің үздік жұмыстары бейнеленген күнтізбелер табысталады.

Марапаттау рәсімінен соң байқаудың қорытынды кезеңіне қатысушы балалар үшін ұйымдастырушылар арнайы мерекелік бағдарлама әзірлейді: қаланы аралау, Тұңғыш Президент мұражайына, Бәйтерекке, «Думан» ойын-сауық орталығының мұхитаралына бару, т.б.