Осымен 23-рет өткелі отырған жарысқа республиканың барлық өңірлерінен спортшылар қатысуға ниет танытқан. Кәсіпқой спортшылар, сонымен қатар әуесқойлар да қатысатын бірегей оқиғаға астананың әр тұрғыны мен қонағы куә бола алады. Бұқаралық веложарыс Достық және Тәуелсіздік көшелерімен өтеді. Трасса қашықтығы 40 шақырым.
Дода қатысушыларының барлығы бұл шараны дәстүр бойынша қазір "Тур де Франста" өнер көрсетіп жатқан «Астана» велокомандасына арнайды.
Веложарыстың үздік қатысушысы бас жүлде Астана кубогымен және велосипедпен марапатталады. Жарыс аясында лотереялық билеттер ойнатылады. Оның жеңімпазы «Астана» велокомандасы спортшыларының қолтаңбасы қойылған эпикировкаға ие болады.
Еске сала кетейік, 2 шілде күні «Астана кубогі» жолындағы жарыс аясында кәсіпқойлар арасындағы жекелей сын өткен болатын. 25 шақырымдық қашықтықта бақ сынаған олардың арасынан Дмитрий Риве бірінші келсе, оның соңын іле Виталий Зверев келді. Үшінші орынға Юрий Щербинин табан тіреді. Ал кеше, 3 шілде күні 50 шақырымды құраған командалық жарыстар өтті.
5 мен 6 шілде күндері спортшылар тиісінше 64 және 60 шақырым қашықтыққа созылатын екі топтық сынға қатысады.