Елорда күніне арналған шараларға БАҚ өкілдерін тіркеу басталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Елорда күніне орай «Ел жүрегі - Астана!» ұранымен 70 астам шара өтеді. Барлық шаралар бір тақырып пен топтамада біріктірілетін болады. Мерекелеудің басты тақырыбы Қазақ хандығының 550 жылдығына, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналады, деп хабарлады astana.gov.kz.

Астана қаласының әкімдігі қала күнін мерекелеуге арналған шараларды жариялауға БАҚ өкілдерін тіркеу басталғанын жариялады. Арнайы рұқсатнама дайындау үшін журналистер тізімін ұсыну қажет. Тіркеу 22 маусымда сағат 12:00-ге дейін жалғасады.

Толық ақпаратты 55-69-71 байланыс телефоны арқылы алуға болады.

Елорда күнін ресми мерекелеу 4 шілдеде Мемлекеттік туды салтанатты көтеру рәсімінен басталады. Мерекеге орайластырылған шаралар дәстүр бойынша салтанатты отшашумен аяқталады. Оны қаланың бірнеше бөлігінен, атап айтқанда Есіл өзенінің жағасынан, «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығы алаңынан және Абылай хан даңғылы мен Пушкин көшесінің қиылысындағы саябақтан көруге болады.