Елорда күніне орай әйел әскери қызметшілер қайырымдылық акциясын өткізді (ФОТО,ВИДЕО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда күніне орай Қазақстан Қарулы Күштерінің әйел әскери қызметшілері Астанада қайырымдылық акциясын өткізді.

 «Батыр арулар» байқауының жеңімпаздары көп балалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына пароходта ерекше мереке ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚР ҚМ баспасөз қызметі.

Бұл күні 30-дан аса қыз бала мен ер балалар Есіл жағалауында шағын саяхатқа аттанды. Әскери қызметшілер Қазақстанның астанасымен байланысты танымдық мағлұматтар айтты, әскери тақырыпта ой-танымдық және қызықты  викториналар, аквагрим өткізді және балаларға естелік сыйлықтар сыйға тартты. Ал ойындар мен викториналар аяқталғаннан кейін балалар әйел әскери қызметшілер пісірген тәтті тосын сыйдан ауыз тиді. 

«Біз балаларға мереке сыйладық және өзіміз де жылулық сезіміне бөленіп, бір серпіліп қалдық. Балалар - біздің болашағымыз.Кей өңірде әскери қызметшілер қамқорлыққа алған балалар үйі мен қарттар үйі бар.  Біздің әскери бөлім балаларға арнап жиі шағын мереке және іс-шаралар ұйымдастырып тұрады», - дейді 68665 әскери бөлімінің әскери қызметшісі сержант Санди Смағұлова.

Армия мен әскери техника туралы жұмбақтарға ер балалар белсене жауап берді.  Өздерінің балаларын алып жүрген ата-аналар да бұл акцияны жақсы қабылдады. «Әскери қызметшілер - өскелең ұрпақ үшін үлгі. Көптеген ер балалар мен қыздар әскери адам болуды армандайды. Сондықтан осындай қызықты кездесулерді өткізіп тұрған пайдалы», - деп атап өтті олар.