Елорда күніне орай «Азия жаңғырығы» атты халықаралық цирк өнерінің фестивалі өтеді

СТАНА. Маусымның 24-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Елорда күніне орай маусымның 26-сы мен шілденің 12-сі аралығында «Азия жаңғырығы» атты халықаралық цирк өнерінің фестивалі өтеді. Бұл туралы бүгін Астаналық цирк ғимаратында бірқатар шетелдік цирк өнерінің майталмандарының қатысуымен өткен баспасөз мәслихаты барысында аталған мекеменің бас директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бекболат Байсағатов мәлім етті.

Оның атап өтуінше, бүгін сағат 20:00-де Астана көшелері арқылы үрлемелі оркестрдің сүйемелдеуімен фестивальға қатысушылардың Кавалькада мерекелік шеруі цирк жанынан басталып, Сарыарқа, Бөгенбай, Республика даңғылдары арқылы өтпек.

Фестиваль бағдарламасында үнді пілдері, уссурия жолбарыстары, африкалық арыстандар, түйелер, аттар, сондай-ақ Кения мен Қытайдан келген әртістердің бірегей акробатикалық көріністері, әуеде өнер көрсететін әртістер және сайқымазақтардың өнерлері көрермен назарына ұсынылады. Мәдени іс-шараға қатысушылардың арасында Мәскеу, Қытай, Латын Америкасы, Монте-Карлода өткен халықаралық байқаулардың жүлдегерлері мен лауреаттары бар.

Астана қаласы әкімдігінің қолдауы арқасында ағымдағы жылы фестивальге 12 елдің, атап айтқанда ТМД елдерімен қатар Кения, Польша, Қытай, Румыния, Италия мемлекеттерінің цирк өнері майталмандары қатыспақ. Бұған дейін екі мәрте өткен фестивальге 3 және 5 мемлекеттік өнерпаздары қатысқан болатын.

Баспасөз мәслихатына Мәскеудегі үлкен цирктің директоры Ержи Козиак, Польшаның еңбек сіңірген әртісі, пілдерді цирк өнеріне жаттықтырушы Сергей Гулевич, кениялық әртіс Мунома Стифен, италияндық әртіс Джино Франкини сынды цирк өнерінің майталмандары қатысты.