Елорда күніне орай Астанада асық атудан турнир өтеді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – 4 шілде күні Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен елорданың көрікті орны – «Ғашықтар» саябағында «Астана сақасы» қалалық турнирі өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Дәстүрлі ұлттық ойынға негізделген бұл турнир Астана күні мерекесіне арналып, ересектер, жастар және жасөспірімдер арасында өтеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарысқа кәсіби спортшылармен қатар, қала тұрғындары мен қонақтары да еркін қатыса алады. Қатысушылар асық атып қана қоймай, ләңгі теуіп те шеберліктерін сынай алады.
– Бұл ашық турнирге елорда тұрғындары мен қонақтарын шақырамыз. Жарыс алаңына келіп, ұлттық ойыннан шынайы ләззат алыңыздар. Іс-шара сағат 11:00-де басталады. Қалалық әкімдіктің қолдауымен өтіп жатқан мерекелік турнир достарыңызбен және отбасыңызбен жақсы көңіл күй сыйлайтынына сенімдіміз, - дейді Астана қаласының асық ату бойынша аға жаттықтырушысы Ескендір Рахметов.
Сонымен қатар іс-шара барысында асықтың түрлері мен асық ату спорт түрінің ерекшеліктері таныстырылып, көрермендерге қызықты мәліметтер ұсынылады.
Осыған дейін Астана күні қалай аталып өтетінін жазған едік.