«Елорда құрылыс» компаниясы таратылады - әкіммен сұхбат

Фото: Фото: Jibek joly

АСТАНА. KAZINFORM – «Елорда құрылыс» компаниясы таратылады. Бұл туралы «Jibek joly» телеарнасындағы «Уәде» бағдарламасына сұхбат берген Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек айтты.

- Кезінде арнайы құрылған «Елорда құрылыс» компаниясы бар. Келесі жылы біз ол компанияны таратамыз. Келесі жылдан бастап Үкімет бұл мәселелерге (үлескерлер мәселесі) жауапты болмайды. Өздері жауапты болады. Мәселен, мен құрылыс компаниясымын, сіз қаланың тұрғынысыз. Сіз менен пәтерді сатып аласыз. Ол екеуіміздің қарым-қатынасымыз. Келісімшарт бар. Сол келісімшарт бойынша құрылыс компаниясы сізге 2 жылдың ішінде пәтерді табыстауға міндетті. Ал сіз 2 жылдың ішінде ақшасын төлейсіз. Болды. Арасында мемлекет жоқ. Сондықтан болашақта мемлекет бұл мәселеге кіріспейді және ештеңе төлемейді, - деді елорда әкімі.

Осы орайда қала басшысы Президент тапсырмасымен мемлекет елордалық үлескерлердің 2 мәрте проблемаларын шешіп бергенін алға тартады.

- Енді халық оны түсінуі керек. Басқаша болмайды. Бірақ, бұл мәселені бақылауда ұстау үшін заңдарға көптеген өзгеріс енгізіліп жатыр. Құрылыс мәселесін реттейтін заңға, қаланың ерекше мәртебесі туралы заңға бірнеше өзгеріс енгізілуде. Бұл құрылыс саласын ерекше бақылауда ұстауға мүмкіндік береді, - деді Жеңіс Махмұдұлы.

Осыған дейін 2035 жылға дейін елордада 2 мың гектар жердегі ескі құрылыс сүрілетіні туралы жаздық.