Елорда маңындағы елді мекендерге қатынайтын 12 автобус қозғалысын тоқтатты

Аязға байланысты Астана қаласы маңына қатынайтын 12 автобус рейстен алынды. Кazinform бұл туралы «City Transportation Systems» компаниясына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Kazinform

«10 желтоқсан, сағат 05.00-ге өзекті ақпарат. Ауа райының нашарлауынан (температураның төмендеуі) қала маңына қатынайтын № 300, 305, 308, 309, 310, 312, 315, 316, 317, 327, 328, 329 бағдарларының қозғалысы уақытша тоқтатылды.

Қала маңына қатынайтын басқа бағдарлар линияда.

Қоғамдық көлік қозғалысы туралы өзгерістерді @cts_kz парақшаларынан білуге болады», - делінген компания мәліметінде.

Еске салайық, синоптиктер жексенбі күні елдің басым бөлігінде аяз болатынын ескерткен болатын.

Атырауда ауа температурасының күрт төмендеуінен Жайық өзенінде мұз қатып, су соратын стансалардың жұмысы тоқтап қалды.

Сондай-ақ -35С°, -38С° аязға байланысты бүгін түнде еліміздің 7 өңірінде республикалық маңызы бар 54 жол учаскесінде көлік қозғалысына шектеу енгізілді.