Елорда маңында 3 индустриялық аймақ құрылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда маңында 3 индустриялық аймақ құрылады. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елорданың қарқынды дамуы, демографиялық сыйымдылық, өңір халқы тығыздығының өсуі, көші-қон ағымы, ресурстық қор агломерациялық дамудың алғышартын құрайды. Сонымен қатар халық санының өсуімен, көлік проблемаларының көбеюімен және қоршаған ортаның нашарлауына байланысты қала маңы аймағының мәселесі артып тұр. Басқарылатын урбанизацияны дамыту және экономиканы әртараптандыру үшін қолда бар ресурстарды ескере отырып, осы процестерді мемлекеттік қала құрылысының реттеуі талап етіледі», -  деді министр.

Оның айтуынша, Астана агломерациясының аумағына Астана қаласы, Ақмола облысының Аршалы, Целиноград, Шортанды аудандары және Ақмола облысы Ақкөл ауданының 4 округі кіреді. Агломерацияға барлығы 124 елді мекен жатады. 

Агломерация халқының саны 2016 жылы 1,2 млн. адамды құрайды және 2030 жылға қарай 1,6 млн. адамға дейін жетеді деп болжануда. Өсім 33 пайызды құрайды. Бұл цифр өзгеруі де мүмкін. Жалпы алаңы 21 770 шаршы шақырымды құрайды. Соның ішінде Астана қаласы - 800 шаршы шақырым. Агломерацияның жалпы аумағынан 7,5 мың шаршы шақырымды құрайтын қарқынды даму аймағы жеке бөлінген. Оның негізгі бағыттары - индустриялық аймақтарды құру, өндірісті әртараптандыру», - деді ол.

Сондай-ақ, Жеңіс Қасымбектің сөзіне қарағанда, рекреацияны дамыту мен азық-түлікті дамыту аймағы бөлінген. Бұл елді мекендер Астанамен тығыз байланыста. Тарихи жағынан макроөңір ауыл шаруашылыққа маманданумен сипатталады. Сондықтан Астана агломерациясы атқаратын қызметтің бірі Астана үшін азық-түлік белдеуі қызметін атқару болып табылады.

«Контрмагниттер мен индустриялық аймақтарды құру Астананы халық саны жағынан біраз «жеңілдетіп», сыртқы көші-қон ағындарын өзіне «тартуға» мүмкіндік береді.  Негізгі көлік дәліздері бойынша қоныстандыру арналары мен қалалар айқындалды - Аршалы кенті, Шортанды кенті мен Жайнақ станциясы негізіндегі контрмагниттер. Сонымен қатар контрмагниттер ретінде Ақкөл қаласы мен Ақмол ауылы анықталды. Олар өзек-қаладан қашық орналасқан және көші-қон ағымдарын өзіне тартатын жеткілікті ресурстары бар. Халықтың еркін қозғалысы, өзектің келешегі бар өсім нүктелерімен байланысы негізгі магистраль жолдардың көмегімен қамтамасыз етілуі тиіс.  Өндіріс пен қажетті өндірістік инфрақұрылымның контрмагнит және серіктес елді мекендерде шоғырлануы озық қарқынмен өсіп келе жатқан аумақтарды қалыптастыруға мүмкіндік береді, олар Аршалы ауданының Аршалы, Шортанды ауданының  Төңкеріс және Целиноград ауданының Жайнақ индустриялық аймақтары болмақ. Бұл өнеркәсіп өнімі өндірісінің 144 пайызға өсуін қамтамасыз етеді», -  деді министр.