Елорда маңында балық аулауға болатын жасанды көлшік пайда болады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ұранхаев Майбалық көліне экобақ салудың артықшылықтары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президент Қазақстан халқына Жолдауында қоршаған ортаны қорғау мен экология мәселесі елдегі күн тәртібінің басына шығатынын айтып өтті. Маңызды міндеттің бірі – ел ішінде экологиялық туризм мәдениетін белсенді түрде дамыту. Бұл ретте елордада экобақтарды салу экотуризмді дамытуға серпін береді. Жалпы экологияық амал – бақтың визиттік картасына, ал бұл амал келушілердің экологиялық таным-түсінігін жақсартудың негізіне айналатынын атап өту керек», - деді Нұрлан Ұранхаев.

Сонымен қатар Майбалық көлінің шығыс жағына қарай экологиялық бақты салу осынау мекеннің табиғи амандығын сақтап қана қоймай, туристік және экономикалық әлеуетін де ашатынын жеткізді.

Басқарма басшысының айтуынша экологиялық бақта балық аулауға арналған жасанды су қоймасы пайда болады. Одан бөлек ерекше қорғалатын аумақ, жаяу және велосеруенге арналған жолдар, спортпен айналысуға болатын, бірегей экожүйені қолдауға арналған аумақтар құрылады.

«Экобақ мектепке дейінгі балалар, оқушылар мен студенттер үшін ғылыми-танымдық алаңға айналуы мүмкін. Ол жерде ғылыми және табиғи жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік болады», - дейді ол.

Қазіргі уақытта қала шетінде тұрғындар үшін ыңғайлы болатындай табиғи бақ жоқтың қасы. Сол себепті осы экобақтың құрылысына ерекше назар аударылғалы отыр. Майбалық көліндегі екінші экобақтың жалпы аумағы 400 гектарды, ал су қоймасы 120 гектарды алады.