Елорда маңындағы «құпия» велосипедшілер жолы
10:30, 24 Мамыр 2020
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда аумағындағы «жасыл белдеудегі» 23 шақырымдық велосипедшілерге арналған жол – қала тұрғындар үшін табиғат аясында демалатын орындардың бірі.
Велотрасса Қорғалжын тасжолы мен Қараөткел, яғни Қосшы кентіне қарай өтетін жолды жалғайды.
Бұл жерді карантин кезінде елордалықтар үшін демалуға таптырмас орындардың бірі деп түйдік. Мұнда тапырлап жүрген адамдардың қарасы көрінбейді. Демалыс күні екенін ескеріп қарағанның өзінде де, тек анда-санда көзге сағымдай көрінетін велесипедшілер мен балаларын жетектеген бірлі-жарымды адамдарды ғана кездестіресіз.
«Жасыл белдеудегі» ені 2 метрлік велотрасса 2016 жылы пайдалануға берілсе де қалалықтар үшін аса танымал емес екенін көруге болады... «Мен осы қалада 10 жылдан астам тұрамын. Бірақ осындай керемет демалуға мүмкіндік беретін орынның барын бірінші рет өз көзіммен көріп отырмын. Он жыл қалада тұрып осындай жердің барын білмеу ұяттау сияқты (күлді). Өзіңіз білесіз, жай күндері елордада көп адамның анда-мында баруға, демалуға уақыттары болмай жатады. Уақыт шықса, табиғат деп балаларымды алып Бурабайға кетіп қаламыз, сол жақтан талай велосипед жалға алып тепкен едім. Енді мына жер керемет екен, карантин жақсы болды (күлді)», - дейді елордалық Айдын.