Елорда мектептері 100% бейнебақылау камералары және турникетпен қамтылған
«Білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамту бойынша бірқатар жұмыс атқарылды. Бүгінде қаланың барлық оқу орындары автоматты өрт дабылына қосылды. Сонымен қатар цифрлық бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілді. Бейнебақылау камералары мен дабыл жүйелері жедел басқару орталығына тікелей қосылған. Білім беру орындарын бейнебақылау және қауіпсіздік құралдарымен қамту қала бойынша 100%», - деді Қасымхан Сенғазиев Астана қаласы коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, балалардың қауіпсіздігін бірінші санаттағы лицензиясы бар күзет мекемелері қамтамасыз етеді.
«Сонымен қатар елорданың білім беру ұйымдары толығымен турникетпен жабдықталған», - дейді ол.
Айта кетсек, биыл елордада 26 650 бала алғаш мектеп табалдырығын аттайды. 1 қыркүйекте жалпы саны 255 000 бала сабаққа барады.