«Барлық білім беру ұйымдары қашықтан оқыту және кезекші сынып режимінде жұмыстарын жалғастыруда. Үздіксіз білім беру үдерісін қамтамасыз ету мақсатында мектеп қорынан 9700 компьютерлік техника бөлінді. Жергілікті бюджеттен қосымша 8 мың компьютерлік техника сатып алынды», - деді Шолпан Қадырова елорда әкімдігінде өткен онлайн брифингте.
Бұған қоса республикалық бюджеттен 4 млрд 87 млн теңге сомасына 26 472 компьютерлік техника сатып алынуда.
«Қазіргі уақытта оның 6 772-сі жеткізілді. Қалған 19 700 данасы қазан айының соңында жеткізіледі. Ең бастысы – аз қамтылған, көпбалалы отбасынан шыққан балалар, жетім және мүгедек балалар компьютермен қамтамасыз етілді. Осы ретте ата-аналарға айтарым, егер де мектептен берілген компьютерлерде ақау табылса, мектеп әкімшілігіне хабарласып, жөндеп алуға болады», - деді басқарма басшысы.
Айта кетейік, оқу жылының басынан бері елордада 18 бала COVID-19 вирусын жұқтырды. Оның 14-і қашықтан оқыған, төртеуі – кезекші сынып оқушылары.