Елорда мектептерінде «Кәсіптік бағдар» жобасы енгізіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен Астана мектептерінде оқушылардың болашақ мамандықтарды таңдауда көмек беретін «Кәсіптік бағдар» жобасы енгізіледі.

Бұл туралы бүгін елорда білім қызметкерлерінің тамыз кеңесінде Астана қалалық білім басқармасының бастығы Қасымхан Сенғазиев мәлім етті.

«10-11 сынып оқушыларына еңбек нарығының қажеттілігін ескере отырып, жеке бағдарланған көмек, кәсіби демеу көрсету үшін  осы жылдың қыркүйек айынан «Кәсіптік бағдар» жобасы енгізіледі. Кәсіпке бейімделген жұмыстардың тиімділік сапасын арттыру мақсатында ұтқыр қосымшасы жобасы, «Кім болғың келеді» кәсіптік навигаторы іске қосылды», - деді ол.

Оның атап өтуінше, қосымшаның мамандықтар бөлімінің бейіндер бөлімшесінен барлық мамандықтармен танысуға болады. Мамандықтар сипаттамасында болашақ кәсіпті таңдау үшін қажетті барлық ақпараттар, сонымен бірге оқуға түсу үшін талап етілетін құжаттар тізімі берілген.