Елорда мектептерінде «Smart Астана балалары» атты жыл сайынғы байқау басталды

АСТАНА. 11 қыркүйек. ҚазАқпарат - Оқу жылының басында қалалық мектептерде «Smart Astana» тұжырымдамасы аясында орта мектеп оқушыларының арасында инновациялық бағыттағы «Smart Астана балалары» жыл сайынғы байқауы қолға алынады. Бұл туралы аstana.kz сайтына «Астана Innovations» АҚ баспасөз қызметінен хабарлады.

«Байқау 1-5 сынып оқушылары үшін «Үздік балалар суреті» және 6-11 сынып оқушылары үшін «Үздік мектеп шығармасы (немесе эссе)» аталымдары бойынша өтеді», - делінген ақпаратта.

Байқауға қатысушылардың бейнелеу жанры саласындағы және сюжетті таңдаудағы қиялына шек қойылмайды, ал шығарманы (эссені) проза түрінде де, өлең түрінде де жазуға болады. Үздік шығармалар (немесе эсселер) байқау тақырыбына сай, авторлық позицияға ие, тақырыбы мазмұнды әрі бірегей болуы тиіс.

Байқауға ұсынылған еңбектер міндетті түрде байқау тақырыбына сәйкес болып, автордың елорданың болашағы туралы түсінігін жеткізу керек. Қойылған талаптарға сәйкес келмеген жұмыстар байқаудың мектептерде өтетін бірінші кезеңінде-ақ іріктеуден өтпейді.

Еске салайық, байқаудың тақырыбы елорданың болашағы, инновациялық дамуы, «ақылды қала» технологияларын пайдалану болып табылады. Биыл үздік еңбектер жоғары бағаланып, авторлар 26 қыркүйекте өтетін «Smart Астана» конференциясында марапатталатын болады. Әр аталым бойынша бас жүлде - iPad 16 Gb.

Айта кетейік, байқау қалалық мектептер арасында кеңінен тараған. Өткен жылдары оған 400-ге жуық жұмыс ұсынылған болатын. Былтыр байқау жеңімпаздарына «Smart Астана» жыл сайынғы конференциясын өткізу аясында дипломдар мен бағалы сыйлықтар, «Диснейлендке» жолдама табысталды.