Елорда оқушылары арасында «Ғасырдан ғасырға» атты қалалық зияткерлік байқауы өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қалалық білім басқармасы «Астана дарыны» өңірлік ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен 26 ақпанда Дарынды балаларға арналған №81 «Astana English School» гимназиясында «Ғасырдан ғасырға» зияткерлік байқауын өткізеді.

Байқау М.Әуезовтің  «Абай жолы» роман-эпопеясы  (3-4 кітап) тақырыбында ұйымдастырылады. Негізгі мақсат - өсіп келе жатқан жастардың бойына ұлттық патриотизмді қалыптастыру, әлем әдебиетін мойындатқан қаламгер мұрасын кеңінен таныстыру, сахналық қойылымдар арқылы төл әдебиетімізге деген қызығушылықтарын  арттыру.  

Конкурстың ақтық кезеңіне іріктеу барысында жоғары ұпай алған оқушылар командасы қатыса алады. «Ғасырдан ғасырға» интеллектуалдық конкурсының шарты бойынша қатысушылар 3 айналым тапсырмаларын орындайды. «Тұсаукесер» деп аталатын бірінші айналымда берілген тақырып бойынша  сахналық көрініс дайындалады. Ұзақтығы - 5 минут және 25 ұпаймен бағаланады. Ал екінші айналымда М.Әуезовтің  «Абай жолы» роман-эпопеясының 3-4 кітаптары бойынша сұрақтар  беріледі. 1 сұраққа - ойлануға - 20 сек. 5 ұпаймен бағаланады.

Үшінші айналым - «Сиқырлы сандық" деп аталады. Оның тапсырмасын орындауға 1 минут уақыт беріліп, жауап  10 ұпаймен бағаланады. Конкурстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталады, сонымен қатар сыйлықтар тапсырылады.