Кеңес барысында департамент басшылығы елордадағы жедел жағдайды сипаттап өтті. Өткен жылдың жартыжылдығында ішкі істер органдары 2143 қылмыс тіркеді. Министрлік өкілінің алдында баяндама жасаған департамент басшылығы қазіргі таңда Астана аумағында ауыр және өте ауыр қылмыстар санының қысқарып отырғандығын баса айтты.
Астана қалалық ішкі істер департаментінің бастығы, генерал-майор Марат Демеуовтің айтуынша, орын алған қылмыстарға жүргізілген сараптамаларға сәйкес жасалатын әрбір үшінші ауыр қылмыс басқа қаладан келгендердің немесе таяу шетелдер азаматтарының қолдарынан істеледі екен. Мәселен, ізі суымай ашылған 41 қарақшылық шабуылдың 24-ін басқа қаладан келген азаматтар жасаған. Аталған істер бойынша 38 адам тұтқындалды. Сондай-ақ 26 кісі өлтіру оқиғасының да 15-іне басқа қаладан келген азаматтар жауапты болды. Жалпы елордасы - Астана қаласының жедел ахуалын тұрақтандыру мақсатында құқық қорғау қызметкерлері «Барыс», «Пәтер», «Қарақшылық», «Мигрант», «Қаңғыбас», «Тұрмыс» сынды жедел алдын алу іс-шараларын тұрақты түрде өткізіп келеді.
Елордалық сақшылар қала көшелерінде және басқа да қоғамдық орындарда қоғамдық қауіпсіздікті қорғау бағытында да жүйелі шараларды атқару үстінде. Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін қала көшелеріне күнделікті 1 мың полиция қызметкерлері шығады. Автомобиль және жаяу патрульдер, сондай-ақ қозғалмалы бекеттер мен стационарлық постылардың саны арттырылды.
Қазіргі таңда қалада Жедел басқару орталығының техникалық мүмкіндігі де кеңінен пайдаланылып отыр. Астана аумағында 323 бейнебақылау камерасы күндіз-түні істеп тұр. Олардың көмегімен 177 қылмыстың ізі суымай ашылса, 23 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері күшімен миграциялық бақылау да күшейтілді. Елімізге келу ережесін бұзғаны үшін 6490 шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылса, оның 534-і республика аумағынан тысқары шығарылды. Ал 47 жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Астана қалалық ішкі істер департаменті қызметінің өте маңызды бағыттарының бірі есірткінің заңсыз айналымымен күрес және «Астана - есірткісіз қала» өңірлік бағдарламасын жүзеге асыру болып табылады. Бұл бағытта атқарылған жұмыстар да өте ауқымды. Мәселен, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысты 137 қылмыс әшкереленді. Оның 44-і есірткі заттарын сату қылмысы. Осы қылмыстар барысында әртүрлі есірткі заттарының 108 келі 850,75 грамы тәркіленсе, оның 6 келі 913,065 грамы есірткінің ең ауыр түрі - героин. Арнайы жүргізілген іс-шаралар барысында 17 есірткі сату нүктесі мен 1 есірткі притоны жойылды.
Алқалы жиын барысында Ішкі істер вице-министрі А.Әубәкіров елорданың Алматы, Сарыарқа, Есіл аудандарының ішкі істер басқармаларының жұмыстарына да ерекше назар аударды. Аталған ведомстволардың басшыларының баяндамаларын мұқият тыңдаған ол қылмыстардың ашылу деңгейі және басқа да жайттарға қатысты бірқатар сауалдар қойып, нақты жауап алды. Сондай-ақ ол ішкі істер органдары қызметкерлері арасындағы жемқорлық қылмыстарға қатысты фактілерге ерекше назар аударып, бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі күшейтуге нұсқау берді. Жиынды қорытындылаған ҚР ІІМ өкілі толықтай алғанда елордадағы жедел жағдайдың тұрақты болып отырғандығын атап өтті.