Бұл туралы ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.
Елордадағы Кинологиялық қызмет орталығының бастығы Максим Зубов балаларға қызметтік иттерді асырау жағдайы, иттердің құқық бұзушыларды ұстауға қалай көмектесетіні жайында баяндап берді.
Сондай-ақ полицейлер балаларға қызметтік иттерді пайдаланудың тактикалық амалдары, оларды үйретудің ерекшеліктері және ит тұқымдары: неміс овчаркасы, шығыс-еуропалық овчарка, алабай, ротвейлер, төбеттердің ерекшеліктеріне тоқталып өтті. Балаларға иттердің қандай бағыттар бойынша бөлінетіні жайында баяндалды. Бұл – із кесуші иттер, есірткі, жарылғыш заттарды іздейтін иттер және күзетші иттер.
Экскурсияда балалар қызметтік иттермен жақынырақ таныса алды. Кинологтар қонақтарға қызметтік иттердің бұйрықты қалай орындайтынын, жасырынған заттарды қалай іздейтінін көрсетті. Жақында қызметтік иттердің қатарына төбеттер қосылған. Мамандар бұл иттерді есірткіні табуға, адамдарды иісімен іздеуге үйретіп жатқан.
«Төбеттер жақсы үйретіледі, олардың иіскеу, дыбыс есту, көру мүшелері жақсы дамыған. Олар өте төзімді жануарлар, қойылған мақсатты жақсы орындайды», - деді М.Зубов.
Бүгінде елорданың кинологиялық орталығында ит тұқымдарының 38 түрі бар.
Экскурсия өте қызықты өтті. Балалар жаңа достарына тағы қонаққа келетін болды. Кездесу соңында балаларға сыйлықтар табысталды.