Елорда полициясы есебінде тұрған жасөспірімдер 14,4%-ға азайған

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада өткен жылмен салыстырғанда полиция есебіне тіркелетін жасөспірімдердің үлесі төмендеген. Бұл туралы қалалық білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Білім беру мекемелерінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары – басым мәселелердің бірі. Осы бағыттағы жұмыс құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі кешенді жоспар шеңберінде жүргізіліп келеді. Өткен жылмен салыстырғанда ювеналды полицияда есепте тұрған балалар мен жасөспірімдер саны 14,4%-ға төмендеді», - деді Қасымхан Сенғазиев қалалық мәслихатта отырысында баяндама жасай тұрып.

Оның айтуынша, биылдан бастап кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және әлеуметтік бейімдеу жөніндегі пилоттық жоба қолға алынды.

«Оның аясында кәмелетке толмағандар арасында қайталанған құқық бұзушылықтарға жол бермеу, оларға болашақ мамандығын таңдауда қолдау көрсету, бос уақытын ұйымдастыру бойынша жұмыстар ұйымдастырылып жатыр», - деді ол.