Елорда - сана еркіндігінің жемісі - жазушы Әкім Тарази

None
АСТАНА. Шілденің 3-і. ҚазАқпарат /Райхан Қоңыр/ - Адам баласы басынан өткен жақсылықты да, жамандықты да әр тұрғыдан бағалап, оның сабағын әрқилы сараптайды. Өз басым қаламгер болғандықтан, адамның да, қоғамның да, дәуірдің де басынан өткен құбылыстарға жазушылық пайыммен қатар, философиялық талғаммен таразылайтын жанмын.

 

Еліміздің тәуелсіздіктен бұрынғы кезеңі бір сала болса, егемендікке қол жеткізгеннен кейінгі мерзімі - өзгеше бір әлем. Себебі, қаламгер ретінде қиял еркіндігі және ой мен ақылдың шарықтау динамикасы, яғни өрелі биігі болатынын жақсы білемін. Сондықтан, нақты іс пен идеялық композицияның да өз шегі, өлшемі барын ескергеніміз жөн. Дегенмен, он сегіз мың ғаламда санасы озық жаратылған адам баласының бойында қиял мен істің көңіл жетсе де, көз жетпейтін жерге дейін өрлейтін шағы болады екен. Мұны біз бар-жоғы он жыл ішінде құлпырып орнай қалған бағаналы орда, басты орда - елордадан көріп отырмыз.

Осыдан 20 жыл бұрын Целиноградқа келген бір сапарымда көшесінің ми батпағы шығып, езіліп жатқан сұрықсыз қаладан бір танысымыздың үйін әзер тапқанымыз есімнен кетпейді. Сол жолы көше бойында терезесі жерге батып кеткен үйлерді көріп, «мына қалада адамдар қалай өмір кешеді екен?» деп түңіліп едім.

Міне, арада екі он жыл өткенде  сол қала әлемнің ең әдемі қалаларымен терезе теңестіріп үлгерді. Бұл - ғажап! Қиял-ғажайып ертегінің өзін сын көзбен бағамдайтын жазушыларды  ертедегі ерен батыр емес, заманымыз бір қайраткер,  қазақ елінің басшысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қайран қалдырып, қарқарадай қала салды! Бұл қиял жетсе де, қол жетпейтін жетістік! Мұндай жетістік - «дүниені дүр сілкіндірер» шығарма тудырсам деген кез келген қаламгердің арманы! Бұл - сана еркіндігінің жемісі! Елорда деген елдік шығарманың авторы - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев!

Ақмола кезінен бері келе жатқан қаланың жаңғырғанын былай қойғанда, Есілдің сол жағалауындағы жаңа аудан аумағындағы тың үлгідегі жаңа қаланың келбетінен болашақтың қаласын көремін. Алматы - менің кешегі махаббатым болса, Астана - бүгінгі бар қазақтың мақтанышы.

 Мен жақында қолыма қалам алып, қағаз бетіне үңіліп отырғанымда, ойыма Абай өлеңіндегі «...гүлденіп ой өлкесі» деген бір жол түсті. Елбасының ең алғаш Ақмоланың төсіне салынатын бірегей құрылыстың сызбасын қағазға түсіріп отырған ой үстіндегі тұлғасын теледидардан көргенмін. Елбасының сол сәттегі бейнесі Абай айтқандай, «...гүлденіп ой өлкесі» дейтіндей екен. Содан бері мен Елбасы бағындырған сана ерлігі туралы шығарма жазсам деген ойға бекіндім. Оны сәті түскен күні оқырмандарға ұсынсам деген  ойым бар.