Бүгін елордада «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының ашылуы барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай айтты.
«Қымбатты отандастар, қадірлі астана тұрғындары мен қонақтары! Бүгін шымылдығы айқара ашылатын опера және балет театры еліміздің тәуелсіздігінің 22 жылындағы 19-шы өнер шаңырағы болып саналады. Бұған дейін еліміздің әр қиырында 18 жаңа театр салынып, ел игілігіне берілгенін өздеріңіз білесіздер. Астанаға алғаш қоныс аударған кезде тұңғыш рет біз Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театрын жасадық, кадрлар даярладық»,-деді Елбасы.
Мемлекет басшысы өз сөзінде бұған дейін елордада бірегей Бейбітшілік және келісім сарайы, Тәуелсіздік сарайы, Қазақстан кино-концерт залы бой көтеріп, ел игілігіне айналғандығын баса айтты.
«Міне, олардың қатары тағы бір теңдесі жоқ архитектуралық туындымен толығып отыр. Сыртқы сән-салтанаты мен ішкі жабдығы әдемі үйлескен «Астана Опера» театрын бізге бұрын армандаудың өзі арман болатын. Баршаңызды ел өміріндегі қазақтың тарихындағы осынау жаңалықпен шын жүректен құттықтаймын»,-деді Н. Назарбаев.