Елорда соты маймылға қатысты іске нүкте қойды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласында 6 жасар баланы тістеп алған маймылдың ісіне қатысты сот шешімі шықты. Оқиға былтыр болған. Алайда, сот шешімі жақында ғана шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елорда сотының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 2018 жылдың қыркүйек айында «Сарыарқа» сауда, ойын-сауық орталығында орналасқан зообақта маймыл 6 жастағы қыз баланы тістеп алған.

Сот-медициналық сараптама жұмысының қорытындысына сай, денеге түскен жарақат - денсаулыққа келтірілген жеңіл зақым ретінде айқындалған. Қыз баланың әкесі зообақтан моральдық шығын өндіру үшін сотқа арызданған.

«Есіл аудандық сотының шешімімен арыз талабы ішінара қанағаттандырылды. Зообақтан моральдық шығын есебінде 50 мың теңге өндіріліп алынды», - делінген хабарламада.

Сот шешімі күшіне енген жоқ.