Елорда сотында фронт-кеңсе жұмыс істей бастады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорданың Сарыарқа аудандық сотында халыққа бірегей қызмет көрсететін фронт-кеңсе жұмыс істейді. Кеңсе жұмысымен қала əкімі Бақыт Сұлтанов пен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Енді сот кеңсесі ашық және тосқауылсыз қызмет қағидаты бойынша жұмыс істейді. Алғаш рет фронт-кеңседе барлық қажетті сұрақтарға жауап беретін кеңесшілермен қамтамасыз етілген ресепшн орналасқан. Залда Wi-Fi, гаджеттерді зарядтауға арналған арнайы орындар, ыңғайлы медиация бөлмелері, іспен ыңғайлы танысуға мүмкіндік беретін ақпараттық бөлме, сондай-ақ адвокат бар.

Сарыарқа аудандық сотының төрағасы Арман Жүкеновтің айтуынша, алғаш рет «электрондық кезек» енгізілген. Әрбір келушінің сапарының уақыты мен мақсаты жазылып отырады.

Кезек - сот қызметтерінің түрлері бойынша реттеледі. Тараптарды сот отырысына шақыру автоматтандырылған.

Барлық залдарда судьяға, хатшыға, тараптар мен прокурорға автоматтандырылған жұмыс орындары енгізілген. Бұл азаматтық істерді электронды түрде қарастыруға мүмкіндік береді. Залдарда ұялы бейнеконференцбайланысты енгізу арқылы сот процесін мобильді түрде үйде көре алады немесе жұмыс кезінде тараптар сотқа онлайн режимінде қатыса алады.