Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайтында хабарланған. «Қойылымның тақырыбы мықты. Онда кіп-кішкентай қыздың еліне, жеріне деген сүйіспеншілігі бейнеленген. Ол жері үшін, бодандықта жүрген елі үшін көтерілген адам. Жалпы, драма бас бостандығы, адамның ішкі бостандығы жайлы», - дейді «Жалын жұтқан Жанна д'Арк» драмасының қоюшы режиссері Әлімбек Оразбеков. Отан үшін отқа түсіп, француз халқының ағылшындарға қарсы азаттық күресін басқарған батыр қыздың рөлін сомдау театр актрисалары үшін оңайға соқпаған. Алайда, елі үшін от пен оққа қасқайып қарсы тұрып, небәрі 19 жасында өмірден өткен Жанна қыздың бойында бар өжеттілік пен қайсарлық, намыс пен рух қазақтың аруларына да тән қасиет. Осылайша, Қаллеки театры 12-13 наурызда тарихи драманың тұсауын кесіп, талғампаз көрерменді бір серпілтсе, бас қаланың Жастар театры кішкентай көрермендер үшін тосын сый әзірлеп жатыр. 13-19 наурыз аралығында тұсауы кесілетін «Наурыз ару» ертегісі Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесіне арналып отыр. Ертегіде бүлдіршіндерге күн, боран, Наурыз ару сынды кейіпкерлер арқылы ұлттық дәстүріміз бен Наурыздың келуімен жылқы жылының енетіні айшықты баяндалады. Айта кету керек, бұл ертегі 16 наурыз күні сағат 11.00-де Астана қаласының балалар үйі мен тұрмысы төмен отбасынан шыққан балалар үшін тегін көрсетіледі.
07:34, 12 Наурыз 2014
Елорда театрлары Наурыз мерекесіне көрермендеріне тартулар жасамақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Француздың батыр қызы Жанна д'Арк - қазақ сахнасында. Бүгінде елорданың Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының ұжымы қойылымның соңғы дайындығын пысықтап жатыр. Мұнда «Жалын жұтқан Жанна д'Арк» драмасы алғаш рет сахналанбақ.