Елорда тұрғындары: Жыл бойы өтетін ауылшаруашылық жәрмеңкесі тиімді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Тәуелсіздік күніне орай елордада жыл бойы жұмыс істейтін ауылшаруашылық жәрмеңкесі ашылды. Әзірге бұл жәрмеңке жыл бойы істейтін елордадағы алғашқы және жалғыз жәрмеңке, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

7000 шаршы метрде орналасқан жаңа жәрмеңкенің ғимаратында 150 кәсіпкер сауда ісімен айналысады. Жәрмеңке азық-түлік бағасын тұрақтандырып, тұрғындарды жаңа жұмыс орындарымен қамтиды.

Сауда жүргізуге елордалық әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қоятын санитарлық және заңды іс жүргізу бойынша талаптардан бөлек – азық-түліктің бағалары нарықтағы бағадан 10-15% арзан болуы қажет. Бұған қарамастан кәсіпкерлерге де жәрмеңкеде жұмыс жасау тиімді болып отыр.

«Қазір біз алда келе жатқан демалыс күндері өтетін жәрмеңкеге апаратын өнімдерді дайындап жатырмыз. Бір апта бұрын өткен жәрмеңкеде әкелген тауарымыздың барлығын саттық, сондықтан бұл жолы өнімдердің көлемін ұлғайтамыз.

Сонымен қатар, Aqmol сауда үйлері тұрақтандыру қорының жеңілдетілген қарыздары арқылы 10 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандырып отыр. Осы жәрмеңкеде Aqmol сауда үйлері арқылы бағасы тұрақтандырылған сүт өнімдерін және Ақмола облысының ауыл шаруашылықтарының өнімдерін сатып отырмыз», - дейді Aqmol сауда желілерінің директоры Ойрат Сұрағанов.

«Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы өкілдерінің айтуынша, алғашқы 3 ай ішінде сауда орындары тегін беріледі, кейін орын жалдау жеңілдетілген тариф бойынша алынады. Жәрмеңкеде жергілікті ауыл-шаруашылықтарының өнімдері және жақын облыстардан азық-түліктің барлық түрі жеткізіледі.

«Шынымен де, жәрмеңкеде бағалар басқа дүкендерге қарағанда төменірек екен. Бір жерден осындай бағалармен азық-түлік сатып алуға болатыны – керемет. Жыл бойы жұмыс жасайтын жәрмеңке өсіп келе жатқан қалаға өте керек деп ойлаймын», - дейді жәрмеңкенің тұтынушысы Мензипа Қадырғалиева.

Жәрмеңкеге қызығушылық танытқан кәсіпкерлер сауда орнын жалға алу үшін 8 7172 61 35 54 нөмірі бойынша хабарласуы қажет.

Естеріңізге сала кетейік, жыл бойы жұмыс істейтін азық-түлік жәрмеңкесі әр демалыс және мейрам күндері өткізіледі. Жұмыс уақыты таңғы 8:00-ден кешкі 17:00 дейін деп белгіленген. Жәрмеңке Нұр-Сұлтан қаласының Есіл ауданында Арнасай 109 мекен-жайы бойынша өткізіледі.