Құқық қорғаушылардың құрығына іліккен күдікті 1972 жылы туған, Қостанай қаласының тұрғыны екені анықталды.
Сәл ертеректе, нақты айтсақ, ағымдағы жылдың тамыз айында Семей қаласының тұрғыны тәртіп сақшыларына шағым түсірді. Айтуынша А. есімді әлгі таныс өзінің «Самұрық-Қазына» ұлттық компаниясында жұмыс істейтінін айтып, одан әрі әңгімеге тартып, егер қажетті мөлшерде ақшалай сыйақы берсе, жалақысы жоғары жұмысқа тұрғыза алатынын айтқан. Ол бұл қызметін қысылмастан 10 мың АҚШ долларына балапты. Оның алдауына ерген жәбірленуші жиған-терген бар ақшасын әлгі адамға санап береді. Тергеу барысында, алаяқтың жоғары лауазымдық қызметке орналастыратын мүмкіндігі болмағаны анықталды. Бірақ, ол уәдесінде тұрмаған соң алданғанын біліп, полицияға арыз түсірген.
Тергеу барысында, оның өзге де қылмыстарға қатысы болуы мүмкін екендігі анықталды. Мәселен, сол тамыз айында ол елорданың бірқатар кәсіпкерлеріне көмек көрсетіп, құрылыс жұмыстарына тапсырыс алып беруге уәде берген. Ақысына ақшалай сыйақы талап етіп, қаражатты бас мердігерге қысым қолдану үшін керек ететінін айтыпты. Араны ашылған алаяқтар мұнымен тоқталмаған, бір алғанда бар қаражатты бір-ақ жасырып қалуға тырысқан. Қолына ақша тиісімен олар бірден із суытып отырған. Олардың заңсыз әрекетінің салдарынан 27 миллион теңге шығын келіпті.
Қазір айыпты қамауға алынды. Оған қылмыстық кодекстің 177 бабы 3 тармағы (аса ірі көлемдегі алаяқтық) бойынша айып тағылып отыр. Оның жемтіктес болған серіктеріне іздеу жарияланды. Тергеу жалғасып жатыр.