Елорда тұрғындарының неше пайызы автобуспен жүреді
«Қалада қоғамдық көлікке сұраныс өте жоғары және мұнда тұрғындардың 48 пайызға жуығы қоғамдық көлікті пайдаланып келеді. Осы қызметті тұрақты қамтамасыз ету үшін бізде 99 бағдар қамтылып, 1500-ден астам жүргізуші және 1100-ге жуық автобус жұмылдырылған», - деді Бауыржан Тайбергенов Астана қаласы мәслихатының тұрақты комиссиясының отырысында.
Сонымен қатар ол жолаушылардың заманауи талаптарын ескере отырып, бұл сала белсенді дамып келе жатқанын айтты.
«Атап айтқанда, жылжымалы құрам тапшылығына қарамастан, автобус бағдарлары желісін жаңғырту шаралары тұрақты түрде атқарылып жатыр. Бұл іс-шараларды жүзеге асыру мүмкіндігі тасымалдаушылардың шығынын бюджет қаражаты есебінен субсидиялауға тікелей байланысты», - деді Б. Тайбергенов.
Жарияланған мәліметтерге сәйкес, 2022-2023 жылдар аралығында бес жаңа бағыт іске қосылды - 43, 327, 328, 329, 121. Мұнымен қоса, 69 бағдардың схемасы оңтайландырылып, 62 учаскеде көлік мәселелері шешілді. Сондай-ақ 38 бағыт бойынша қозғалыс кестесі қайта қаралып, қосымша 62 автобус қосылды.