Елорда тұрғынының ақшасын тартып алған «жалған полицейлер» ұсталды

АСТАНА. 3 қараша. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Өздерін полиция қызметкері ретінде таныстырып, астаналық тұрғынның ақшасын тартып алған екі студент ұсталды. Бұл туралы бүгін апталық брифингте ІІМ Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, Астанада екі жас жігіт алдау арқылы қала тұрғынының 50 мың теңге ақшасын иемденіп кеткен.

«Бұл оқиға кешкі сағат 23.00-де орын алған. Алаяқтар өздерін полиция қызметкерлері ретінде таныстырып, қызметтік куәлікке ұқсайтын құжатты көрсеткен. Содан кейін «жалған полицейлер» оның қалталарын тексеріп, бар ақшасын тартып алған. Сондай-ақ оған ақшасын қайтарып алу үшін полиция бөліміне келуді ұсынған»,-деді Қ. Жұманов.

Алайда, біршама уақыттан кейін жәбірленуші өзінің алданып қалғанын түсініп, полицияға хабарлаған. Полиция жасақшалары арнайы орта оқу орындарының бірінің екі студентін ұстады. «Қазіргі уақытта осы факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұсталғандардың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бары тексерілуде»,-деді департамент бастығы.