«Елорда жастары»: астаналық жастар бағдарлама бойынша баспаналы болып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Астаналық жастарға тиімді шарттармен баспаналы болуға көмектесетін «Елорда жастары» тұрғын үй бағдарламасы белсенді түрде жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Энергетика саласында 2014 жылдан бері жұмыс істейтін елордалық тұрғын Саян Шәкенов отбасының қалай баспаналы болғанын айтып берді. Ол 2019 жылы отбасымен сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасына қатысып, берілген пәтерде бес жыл тұрған.
– Ол кезде жаңадан сәбилі болып едік, пәтер жалдап жүрдік. Сұранысқа ие 100 мамандықтың тізімінде болғандықтан, бағдарламаға қатысып көрмек болдым. Барлығы онлайн режимде болды – құжаттарды қашықтан тапсырып, іріктеуден өттік. Осылайша бес жыл жалдамалы баспанада тұрдық. Осы уақыт ішінде біраз ақша жинап алдық, - дейді Саян Шәкенов.
2024 жылы отбасы «Елорда жастары» бағдарламасына қатысуға өтініш беріп, мақұлданды. Саянның тұрақты жалақысы, жақсы несие тарихы және зейнетақы жинақтары іріктеуден алғашқылардың бірі болып өтуіне мүмкіндік берді.
– Қаражатымның бір бөлігін «Отбасы банкке» аудардым, оған қоса өз жинағым да болды. Осының бәрі бізге ипотека алуға көмектесті. Бағдарламаның арқасында өз пәтерімізді алдық. Жас отбасы үшін ең өзекті мәселелердің бірі – пәтер сатып алу. Осы қиындықты шешу үшін мемлекет жастарға керемет мүмкіндік беріп жатқанына өте қуаныштымыз, - деді ол.
Осы ретте айта кетейік, «Елорда жастары» бағдарламасы бойынша жастарға жылдық 5 пайызбен жеңілдетілген несие беріліп жатыр.
Несиенің максималды сомасы – 20 млн теңгеге дейін, бастапқы жарна – 10%, несие мерзімі – 19 жылға дейін.
Бағдарламаға қатысушылар баспананы жаңадан немесе жылжымайтын мүлік нарығынан сатып ала алады.
2023 жылдың наурыз айынан бастап қатысудың жас шегі 34 жасқа дейін ұлғайтылды, бұл бағдарламаға көбірек жас мамандардың қатысуына мүмкіндік берді.
2024 жылдың басынан бері жалға алу шарттары жарамды 778 жас астаналық несиелеу рәсімінен өтуге жіберілді. Сәуір айының басында олардың 370-і төлем қабілеттілігін растаса, 200 қатысушы баспана иесі атанды.