Елорда жастарын әскер қатарына шығарып салу рәсімі өтті (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы «Отан Ана» монументінің жанындағы «Отан қорғаушылары» алаңында әскер қатарына шақырылушыларды ҚР Қарулы Күштерінің қатарына салтанатты шығарып салу рәсімі және «Астана жастары мен армия - біртұтас» акциясының ашылу салтанаты өтті.

Астана қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті «Нұр Отан» партиясы астаналық филиалының және «Жас Отан» жастар қанатының қолдауымен ұйымдастырған іс-шара әскери қызметтің беделін арттыруға, жасөспірімдерді Қазақстан армиясының қатарындағы қызметке дайындауға бағытталған, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен.

Жастар алдында Қарулы Күштердің ардагерлері, «Нұр Отан» партиясының өкілдері сөз сөйледі.

Шара барысында дөңгелекті әскери техника мен атыс қарулары, сарбаздардың киім-кешек үлгілері, сондай-ақ әскер тектері мен түрлері көрсетілген көрме өтті. Елорда тұрғындары мен меймандары атыс қаруларымен және ұсынылған әскери техникамен таныса алды.

Акцияға 3000-ға жуық әскер қатарына шақыру жасына дейінгі және әскер қатарына шақыру жасындағы жастар қатысты.

Көктемгі әскери қызметке шақыру аясында Астана қаласынан 500-ге жуық әскер қатарына шақырылушы мерзімді әскери қызметке жіберіледі. Бүгін жіберілген жас буын аэроұтқыр әскерлері мен арнайы әскерлер бөлімдерінің сапын толықтыратын болады. Естеріңізге сала кетейік, биылғы көктемде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарына 11 мыңнан астам адам шақырылатын болады.

Рәсім соңында ҚР ҚК аэроұтқыр әскерлері десанттық-шабуылдау бригадасының «Қалқан» арнайы мақсаттағы взводының және ҚР Мемлекеттік күзет қызметі құрмет қарауылы ротасының өнер көрсетуімен аяқталды.