Елорда жолдарында 700-ге жуық бейнекамера орнатылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана жолдарында орнатылған бейнекамералар құқықбұзушылықтарды жазып алумен қатар, жүргізушілерді тәртіпке шақырады, деп хабарлады елорда әкімдігінің сайты.

Жолдардың қиылыстарында «қызыл түс» және стоп-сызықтарды қиып өтушілерді түсіретін 11 интегро камера, 53 скоростемер орнатылды. Жалпы Астана жолдарына 694 камера қойылды. Камераға жазылған барлық ақпарат жолдағы ахуалды қарайтын Жедел басқару орталығына жіберіледі. Сонымен бірге, белдік тақпау, рульде отырып телефонмен сөйлесу, автокөлік терезесінен қалдық тастау, рұқсат етілмеген жерге тоқтау және басқа да әкімшілік құқықбұзушылықтар таспаға түседі. Әкімшілік құқықбұзушылық пен ЖҚО ережелерін бұзғаны үшін бейнежазба мен нақты айыппұл көрсетілген ескертпе ереже бұзған жүргізушінің мекенжайына жіберіледі. Айыппұл төлемей автомобильді қайта рәсімдеуге, техникалық байқаудан өтуге және басқа да үдерістерден өтуге жол берілмейді.