Елорда жұртшылығы Әлшекейдің күйшілік мектебімен танысты

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана» концерт залында Әлшекей Бектібайұлының 170 жылдығына орай «Сыр сүлейі - Әлшекей» атты шығармашылық кеш өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кету керек, Әлшекей күйші 1847 жылы бүгінгі Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында дүниеге келген. 12 жасынан бастап ел ішінде домбырашы бала атанған ол өсе келе Сыр өңіріне есімі әйгілі күйші болады. Ол кейін қуғынға ұшырап, Өзбекстанның бірнеше жерінде тұрады, содан соң Тәжікстанның Шәрбәт ауданына қарасты Яуан (Жауан) қыстағына келіп тұрақтайды. 1932 жылы дүние салған күйшінің сүйегі Яуан қыстағының шетіндегі қорымға жерленген.

Астана қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясының Қазақ оркестрі алғаш рет Әлшекей күйшінің бірнеше шығармаларын көрермен назарына ұсынды. Атап айтқанда, «Толқын», «Шерлі», «Айрауықтың ащысы-ай»,«Бұқтым-бұқтым», «Сауда бұзар», «Жаяу кербез», «Аққу кеткен», «Желдірме», «Ақжелең», «Терісқақпай», «Сыбызғының күйі» және «Отарба» күйлері тыңдармандардың жан-жүрегін тебірентті. Оркестрге Айтқали Жайымов, Жамағат Темірғалиев, Сәлімгерей Садықов, Еркін Нұрымбетов, Жексен Айсын, Қарасай Сайжанов, Нұрлан Бекеновтер дирижерлік жасады.

Осы концертте Әлшекейдің «Тайшұбар» күйін Қызылордадан арнайы келген домбырашы Тынысбек Дүйсебеков үлкен шеберлікпен жеке орындап берді. Сондай-ақ күйшінің «Қыз тоқтаған» күйін Жексен Нұржауов, ал «Ол кім?» күйін Төлепберген Тоқжанов көрермендерге жеткізді.

Сонымен қатар Әлшекейге арналған Еркін Нұрымбетовтың «Тарту» және Бәден Айсыновтың «Әлшекейдің сарыны» атты күйлері де концерт бағдарламасын байыта түсті.

Өнер сүйер қауым алдында сөз алған ақын-сатирик, жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Президент сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері Көпен Әмірбек «Әлшекейдің күйшілік мектебі Құрманғазы, Түркеш, Тәттімбет сияқты алты алашқа жайылған жоқ. Бірақ бүгінгі таңда сондай зерттеу мектебінің алғашқы іргетасы қаланып жатыр. Осыдан екі айдай бұрын Ақтау қаласында Әлшекей Бектібайұлының 170 жылдығына арналған іс-шаралар бастау алды. Сонда облыстық филормонияның залында өткен концертте ине шаншар жер болған жоқ. Барлық маңғыстаулықтар күй орындаған оркестрге түрегеліп тұрып құрмет пен қошемет көрсетті. Бұл -  қазақтың қасиетті күй өнерінің құдіретін ұқтыратын кеш»,- деп ой толғады.

Осы кештің үстінде таяуда жарық көрген «Толқын» атты кітаптың таныстырылымы болды. Аталған жинақта Әлшекей Бектібайұлының 12 күйі оркестрге өңделіп, алғаш рет жарияланып отыр. Сонымен қатар Әлшекейге арналған 2 күй де енген. Елімізге танымал дирижерлер мен өнер майталмандарының күйлерді арнайы әрлеуіндегі бұл партитуралар жинағы музыкалық оқу орындарының оқушылары мен студенттеріне, кәсіби дирижерлер мен оркестр жетекшілеріне көмекші оқулық құралы ретінде ұсынылады. Бұл жинаққа Ә.Әбдіқалықов, Т.Дүйсебеков, Ж.Дәнебеков, А.Жаманқұлов, З.Мұсабаев, Қ.Тасбергенов сынды күйшілердің орындауындағы және оны белгілі күйші, композитор, дирижер  Е.Нұрымбетов нотаға түсірген Әлшекей күйлерінің бірнешеуі ғана оркестрдің орындауына лайықталып енгізіліп отыр.

Экономика ғылымдарының докторы, қаламгер Мырзагелді Кемел ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында: «Әлшекейдің керемет күйші екенін 1990 жылдардың басында танымал өнер иесі Шәміл Әбілтаевтың «Күйші Әлшекей» атты радиохабарынан алғаш рет естіген едім. Одан кейін терең ізденуші Илья Жақановтың радиохабарын тыңдадым. Бертін келе Әлшекейдің өмірі туралы газет арқылы кеңірек таныса бастадық. Ал бүгінгідей толыққанды концерт көрген жоқ едік. Күйшінің өзі Абаймен замандас, Кеңес өкіметінің зобалаңын бастан кешкен, қуғынға ұшыраған, жер ауып кетіп, сүйегі шетелде қалған екен. Енді күйлері елге оралып жатыр. «Жаяу кербез», «Аққу кеткен» деген күйлері қандай тамаша?! Тыңдаған адам үлкен рухани қуат алды деп ойлаймын»- деді.

Кеш соңында Әлшекейдің шөбересі, елорда тұрғыны Оңғарбай Дәнебеков күйшінің ұрпақтары атынан Астана қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясының Қазақ оркестрі ұжымына, жеке орындаушыларға және осы шараны ұйымдастыруға атсалысқан барша жанға алғысын білдірді.

Сыр сүлейі атанған дарын иесінің шығармашылығын елге таныстыру мақсатындағы іс-шаралар жалғасын табатын болады. Әлшекейге арналған кеш алдағы айларда Орал қаласында өтеді. Одан кейін күзде Қызылорда қаласында қорытынды концерт болады.