Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры қазанның 8, 9 және 10-ы күндері астаналықтардың назарына И.Кальманның «Сильва», И.Штраустың «Вальс королі», А.Колкердің «Труффальдино» мюзиклі және балаларға арналған музыкалық ертегілер қойылымын тарту етеді.
«Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының труппасын сахнамыздан көргенімізге қуаныштымыз. Жылдар бойы өзіндік дәстүрі қалыптасқан бұл театр бұл жолы да елорда көрермендерін таңғалдырады деген ойдамын. Театр басшылығымен қандай қойылым көрсеткен жөн, көрермендерді қалай таңғалдырсақ болады деп біраз ақылдастық. 3 күндік сапардың шымылдығын режиссер, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Юрий Александровтың басшылығымен И.Кальманның әйгілі «Сильва» қойылымы ашады», - деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» театрының директоры Ғалым Ахмедьяров.
Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры үш күнде ұсынатын 6 спектакльдің үшеуі балаларға және үшеуі жалпы көрермендерге арналған.
«Біздің театр опера мен мюзикл жанрын кеңінен насихаттайтын бірегей өнер ошағының бірі. Биыл біздің театр 50 жасқа толады. Елордаға сапар дайындығы тиянақты жүрді және жауаптылықпен келдік. Біздің әртістер ұсынатын әрбір қойылым елорда көрермендерінің көңілінен шығады деген сенімдеміз. Сол үшін де толық құраммен келіп отырмыз. Астаналықтардың назарына ұсынатын спектакльдерді де ұзақ таңдадық. Солардың бірі «Сильва» операсы мен Штраустың «Вальс королі» классикалық қойылымы. Әрине, кішкентай көрерменге де арналған сахналық сыйымыз бар», - дейді ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының директоры Амантай Ибраев.
Оның айтуынша, қарағандылық театрдың репертуарында 280-нен астам қойылым бар. Оның ішінде әлемдік классикалық опера жауһарларымен қатар заманауи қойылымдарды да атап өтуге болады.