Елордада 1 сыныпта 36 баладан білім алуға мәжбүр

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада 1 сыныпта 36 баладан білім алуға мәжбүр. Бұл туралы Астана қалалық білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордада өтіп жатқан Білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесі аясында БАҚ өкілдері Қасымхан Сенғазиевтен: «Биыл әлеуметтік желіде Астанадағы мектептерде бір сыныпта 52 бала отыруы мүмкін деген ақпарат тарады. Қазір орташа есеппен қаладағы мектептерде бір сынып қанша бала отырады?», - деп сұраған еді.

«Астанадағы мектептерде орын тапшылығы мәселесінің өзекті екені белгілі. Қазіргі таңда қалада 26 мың оқушыға орын жетпейді. 8 мектеп 3 ауысымда оқиды. 18 мектепте оқушылар шамадан тыс білім алады. Бір сыныпта 52 бала оқиды деген дерек жоқ. Елордадағы мектептерде бір сыныпта 30-34 баладан, ал үш ауысымды мектептерде 35-36 баладан білім алады», - деп жауап берді басқарма басшысы.