Елордада 13 мемлекеттің цирк өнерінің майталмандары бас қосады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорда күнін мерекелеу аясында 4-8 шілде аралығында Нұр-Сұлтанда ХІІ «Азия жаңғырығы» халықаралық цирк өнері фестивалі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Бұл шараны өткізу игі дәстүрге айналған. Биылғы фестивальге Қазақстаннан бөлек Ұлыбритания, Вьетнам, Мысыр, Израиль, Испания, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Украина елдерінен 60-қа жуық артист қатысады.

Төрткүл дүниеден жиналған цирк өнері майталмандарының қойылымдарын бағалайтын халықаралық қазылар алқасының құрамына цирк ұжымдарының жетекшілері, түрлі мемлекеттердің еңбек сіңірген қайраткерлері енді.

Қазылар алқасының төрағасы - астаналық цирктің директоры, ҚР еңбек сіңірген артисі, «Парасат» орденінің кавалері Ерік Жолжақсынов. Биылғы фестивальде Беларусь мемлекеттік циркінің директоры Владимир Шабан, Үлкен Варшава циркінің директоры Ержи Козиак, Рига мемлекеттік циркінің директоры Лолита Липинская, профессор, Ереван циркінің көркемдік жетекшісі Сос Петросян Иосиф, Украина мемлекеттік цирк компаниясының директоры Сергей Кабаков, Италиядағы Халықаралық цирк фестивалінің президенті Фабио Монтико, Firebird Productions, Inc. компаниясының президенті Петр Дубинский және өзгелері қатысушылардың өнерін бағалайды.

Елордамыздың мәдени өміріндегі осынау атаулы шараны ұйымдастырушы - астаналық цирк, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласының мәдениет және спорт басқармасы.