Бірінші кезеңде елордалық стационарлардың, қаланың инфекциялық орталығының медицина қызметкерлері, жедел жәрдем бригадасының фельдшерлері екпе алды.
Көшпелі бригаданың фельдшері вакциналау туралы пікір білдіріп, көңіл-күйінің қандай екенін айтты.
«Вакцинадан кейін жағымсыз әсер болған жоқ. Яғни бас айналып, жүрек айну деген болған жоқ. Көңіл-күйім жақсы. Өзіме таныс емес адамдармен тығыз жұмыс істеймін, науқастарға жиі барамын, сол себепті вакцина салдыру керек деген байламға келдім», - деді фельдшер Ерсұлтан Үсенұлы.
Ал №9 қалалық емханасының фильтр-кабинетінің дәрігері Қайнар Фархадұлы ойын былайша жеткізді:
«Күніне ЖРВИ мен суықтың белгілері бар 250-ге жуық адам келеді. Бірақ тест жүргізбей тұрып, бәрі коронавирус инфекциясымен ауырмайды деп сеніммен айта алмаймын. Вакцинация - алдымен менің қорғанысым. Қазір вакцинадан кейін жағдайым жақсы», - дейді фильтр кабинетінің дәрігері.
Елордада барлығы 6 300 медицина қызметкері КВИ инфекциясына қарсы егіледі. Айта кету керек, тізімдер мамандардың ерікті келісімі бойынша жасалады.
Естеріңізге сала кетейік, вакцинация 2 кезең бойынша жүргізіледі, алдымен бірінші компонент 0,5 мл дозада, ары қарай екінші компонент те дәл осылай - 0,5 мл дозада (21-42 күннен кейін). 21 күннен кейін вакцина қабылдағандар екінші кезеңін алу үшін тағы да сол орнына шақырылады.