Елордада 15 мың теңгелік коммуналдық өтемақыны қалай алуға болады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада коммуналдық шығынды жабуға берілетін 15 мың теңгені алу үшін қайда өтінім беру керек? Бұл сұраққа Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елорда әкімдігі өтінім қабылдау үшін екі алаңды ұсынады: бірі - KKKOMTOLEM.KZ сайты, екіншісі - KOMTOLEM телеграм-боты. Өтінім маусым айының ортасына дейін қабылданады. Сонымен қатар 28-09-59 нөмірі бойынша колл-орталықтың жұмысы ұйымдастырылды. Азаматтар ол жерден техникалық көмек алып, сұрақтарын қоя алады», - деді Бақтияр Мәкен ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, астанада әлеуметтік әлсіз топқа жататын 164 мың адам бар.

«Коммуналдық қызмет үшін төлем «Астана ЕРЦ» ЖШС шотына ақшаны аудару жолымен жүргізіледі. Жақында ғана Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ережелерге өзгеріс енгізген еді. Ендігі кезекте әлеуметтік әлсіз топтағы отбасының мүшесі өтінімді бере алады», - деді ол.